Ұлытау облысында құны 500 млрд-қа жуық қос жоба жүзеге асырылмақ
Оның біріншісі Жаңаарқа ауданында жылына 3,4 млрд. киловатт энергия өндіретін жел энергия станциясын салу болса, екіншісі Жезқазған қаласында жел энергия станция мұнараларының металл конструкцияларын өндіретін зауыттың құрылысы. Яғни, соғылатын станциялар жартылай өз өнімімізбен қамтылмақ.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жобалар жүзеге асырылғаннан кейін облыста қосымша 300-ге жуық жұмыс орны ашылатынын жеткізді.
Айта кетейік, жобаны іске қосу үшін Жаңаарқа ауданында 20 мың гектар, ал Жезқазғандағы зауыт құрылысы үшін 20 гектар жер телімі бөлінді.
Осы мақсатта бүгін қытайлық инвестор Sinohydro, ТехноГруппСервис компаниялары және Ұлытау облысының әкімдігі арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Маңызды рәсім барысында жоспарланған жобалардың 2060 жылға дейін Қазақстанда көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталғаны атап өтілді.
Меморандумға қол қойылғаннан кейін болашақ зауыт орнында алғашқы тас қалау рәсімі өтті.
Дереккөз: Ұлытау облысының әкімдігі