Қазақстан – Таиланд: инвестициялық мүмкіндіктерді ұсыну
Астанада Тайланд Корольдігі Сыртқы істер министрінің хатшысы Сарун Чароенсуван бастаған Тайланд үкіметінің делегациясының қатысуымен іс-шара өтті.
Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Қазақстан Республикасының Тайланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков және Қазақстанның даму институттарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында делегацияға сауда, инвестиция, туризм және технология салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері ұсынылды. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, Astana Hub және «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ жетекші қазақстандық компаниялары өздерінің қызметінің негізгі бағыттары мен белгілі жобалары бойынша ақпаратты ұсынды.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Инвестицияларды тарту және маркетинг департаментінің директоры Әсел Суанкулова инвестициялық жобалар мен инвесторларды қолдауға баса назар аударды. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ туристік бағыттарды дамыту мүмкіндіктерін ұсынды, «Astana Hub» IT экожүйесі мен технологиялық стартаптар туралы, ал «QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ экспортты ілгерілету құралдары, атап айтқанда, экспортты ілгерілету және серіктестерді іздеуге арналған B2B платформасы — QazMade порталы туралы ақпаратпен бөлісті.
Қатысушылар елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары мен мүмкіндіктерін талқылады.
«Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар оң динамиканы көрсетіп отыр. 2025 жылғы сауда айналымы 7,9%-ға өсіп, 255,1 млн АҚШ долларын құрады. Өткен жылы Қазақстанның экспорт құрылымы айтарлықтай өзгерді: экспорт 6,3 есеге өсіп, 38,6 млн АҚШ доллар құрады, бұл негізінен шикі мұнай мен ферроқорытпаларды жеткізуге және тоңазытқыш жабдықтары, ауа баптау жүйелері, құйылған металл бұйымдары, профильді проекторлар және жиһаз сияқты жаңа экспорттық тауарлардың пайда болуына байланысты», – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Одан бөлек, қазақстандық тарап мемлекеттің экспортты кеңейту, өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту және елдер арасындағы өзара инвестицияларды арттыру үшін айтарлықтай әлеуетін екенін атап өтті. Өз кезегінде, Тайланд үкіметінің делегациясы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.