Баспасөз релиздері

Биыл 153 км жуық жылу желілерін жаңғыртуға бюджеттен қаражат бөлінді

Биыл 153 км жуық жылу желілерін жаңғыртуға бюджеттен қаражат бөлінді

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Жылу желілерін реконструкциялау жағдайы туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады.

Министрдің айтуынша, еліміздің барлық өңірінде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жергілікті атқарушы органдарға, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына және көмір өндіруші кәсіпорындарға нақты мерзімдерді көрсете отырып, халықтың және бюджеттік ұйымдардың көмірге қажеттілігін қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жолдады.

Жоспарға сәйкес ағымдағы жылыту кезеңінде көмірге қажеттілік 8,6 млн тоннаны құрайды. Осы жылдың 5 айында 42,2 млн тонна көмір өндірілді, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 1,9 млн тонна жөнелтілді.

Көмірдің ішкі нарығын мемлекеттік реттеу және әлеуметтік көмірдің елден тыс жерлерге шығарылуын болдырмау мақсатында өндіруші, өңдеуші кәсіпорындарға және онымен үлестес компанияларға көмір экспортына айрықша лицензия беруді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды.

Алдағы жылыту маусымына сапалы және уақытылы дайындалу мақсатында Министрлік әкімдіктердің деректері негізінде қажеттілік жоспарын қалыптастырды.

Әлеуметтік сала мен тұрғын үй объектілерін дайындау саласында білім беру нысандарының 35%-ы, денсаулық сақтау нысандарының 34%-ы, тұрғын үйлер 19% дайын.

«Инженерлік инфрақұрылымның дайындығына қатысты айтар болсақ, биыл жылумен жабдықтау желілерінде шамамен 541 шақырым жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда 125 шақырым жылу желілері жөнделді», — деді министр.

Сумен жабдықтау желілерінде шамамен 3,2 мың шақырым жөнделетін болады, бүгінге 1,3 мың шақырым жөнделді, су бұру желілерінде 669 шақырымның 331 шақырымы жөнделді.

Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрінің айтуынша, республика бойынша алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандықты дайындау қажет.

«Бүгінгі таңда жоспардың 3 мыңнан астамы дайындалды. Автономды қазандықтарды отын қорымен қамтамасыз ету мақсатында 1,3 млн тоннадан астам көмір, 9,2 мың тонна мазут және 61 мың тонна дизель отынын дайындау қажет», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі. 

Бүгінде 220 мың тонна көмір, 8,9 мың тонна мазут және шамамен 8 мың тонна дизель отыны дайындалды.

Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегі 22,9 млрд теңгені құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 млрд теңгеге немесе 5,5%-ға ұлғайды. Ең үлкен дебиторлық берешек Маңғыстау облысы, Астана және Алматы қалаларында сақталып отыр.

Айта кету керек, жоғары дебиторлық берешек табиғи монополиялар субъектілеріне бекітілген инвестициялық бағдарламаларды толық көлемде іске асыру мүмкіндігін шектейді.

Биыл 152,8 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 84,1 млрд теңге бөлінді.

Оның ішінде:

  • нысаналы трансферттер есебінен 51 жобаны іске асыруға 68,6 млрд теңге бөлінді;
  • Үкімет резервінен 8 жобаны іске асыруға шамамен 15,5 млрд теңге бөлінді.

«Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдарға қаржыландыру жоспарына сәйкес сәуір айынан бастап 84,1 млрд теңгеден 25,3 млрд теңге аударылды», — деді Қанат Шарлапаев. 

Бұл ретте, жылумен жабдықтаудың 59 жобасының ішінен:

  • 14 жоба бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде;
  • 30 жоба бойынша желілерді төсеу жұмысы басталды;
  • 6 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. 

Сонымен қатар Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Астана қаласының 7 жобасы бойынша конкурстық рәсімдер аяқталмаған. 

Сондай-ақ Шымкент қаласында және Қостанай облысында 2 жоба мәселелері сотта қаралуына байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды.

Алдағы жылыту маусымына уақытылы дайындалу мақсатында әкімдіктерге:

  • инженерлік инфрақұрылымдағы жөндеу жұмыстарын жеделдету және қыркүйектің соңына дейін аяқталуын қамтамасыз ету;
  • 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету;
  • 15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның жаңа жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету;
  • қалыптасқан дебиторлық берешекті өтеу жөнінде шаралар қабылдау;
  • жазғы уақытта көмір қорларын жинауды жандандыру;
  • бизнес субъектілеріне әлеуметтік көмірді сатуға жол бермеу қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев аталған бағыттағы жұмыстар жалғасатынын және Министрліктің тұрақты бақылауында болатынын айтты.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге