Баспасөз релиздері

Елімізде «жасыл» технологияларға инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде

Елімізде «жасыл» технологияларға инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында жаңартылатын энергия саласындағы жаңа жобаларды қолдау мәселелері талқыланды.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова атап өткендей, бүгінгі таңда елімізде «жасыл» қаржыландыруды дамыту мақсатында қажетті заңнамалық және нормативтік-құқықтық база құрылды. Жаңа Экологиялық кодекс қабылданып, «жасыл» облигациялар мен ESG облигацияларын шығару мен айналымға енгізу үшін өзгерістер қабылданды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен KASE биржаларында ESG ақпаратын ашу ережелері бекітілді. Бірқатар басқа да шаралар жүзеге асырылды.


Жүргізілген жұмыстың арқасында елімізде тұрақты қаржыландыру көлемінің оң серпіні байқалады. Биылғы 1 қарашада KASE-де корпоративтік қарыз алу көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 4 еседен астам артып, шамамен 208 млрд теңгені құрады. Банк секторындағы «жасыл» несиелендіру көлемі 3,5 еседен астам өсіп, 220 млрд теңгені құрап отыр.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Бәйтерек» холдингі тарапынан «жасыл» жобаларды тікелей қолдаудың жалпы көлемі 177,5 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, Қазақстанның Даму банкі жаңартылатын энергия көздері саласындағы құны 118 млрд теңге болатын ірі 7 инвестициялық жобаға қолдау көрсетті. «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ 11,1 млрд теңгеге бірқатар жобаларға (күн және су электр стансалары құрылысы) қолдау көрсетті. Тағы бір еншілес ұйым «Даму» қоры 7,4 млрд теңгенің 91 «жасыл» жобасын қолдады.


Сонымен қатар 2018 жылдан бері «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыруды жүзеге асырады. Атап айтқанда, қазірдің өзінде Астанада электрмен жүретін 120 қалалық автобус және Павлодарда 10 автобус сатып алу қаржыландырылды.  Тозығы жеткен көліктерді экологиялық таза көлік түрлеріне ауыстыру кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі арқылы бірінші жартыжылдықта суару жүйелерін және өнімді бау-бақшалар құру сияқты салаларға бағытталған жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 15 «жасыл» жобаға қолдау көрсетілді.

Премьер-Министр экономиканың ауқымды трансформациясы «жасыл» инвестициялар көлемін арттыруды талап ететінін атап өтті.

«2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін $600 млрд-тан астам көлемінде қаржы қажет, сондықтан «жасыл» технологияларға инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейту керек», — деді Әлихан Смайылов.

Осыған орай Премьер-Министр «жасыл» жобаларды іске асыру барысында кездесетін кедергілерге талдау жүргізуді, «жасыл» қаржыландыру туралы ақпаратты міндетті түрде жария ету жөніндегі талаптарды іске асыруды жеделдетуді, сондай-ақ «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманың іс-қимыл жоспарында тиісті индикаторлар мен іс-шараларды қарастыруды тапсырды.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы


Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге